Мұғалім, оқушы, ата-ана үштігінің байланысы артпақ

Қазақстан мектептерінде  мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің байланысы артады. Бұл туралы елордада өткен Тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында оқушының білімімен қатар тәрбиесіне де үлкен мән беретін шаралар қолға алынады. Мысалы, қарапайым ата-аналар жиналысының да форматы өзгереді. Яғни, жиналыста бұрынғыдай тек баланың бағасы мен үлгерімі ғана сөз болмайды. Оқушының әр пәнді меңгерудегі проблемасы ата-анамен бірге талқыланады. Мақсат ата-ананы мектепке жақындату дейді министр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– Мектеп пен ата-ана бірге жұмыс істейтін болса онда, ата-ананың да мектепке деген көзқарасы басқа болады. Тағы бір маңызды мәселе «педагог мәртебесі» дейміз. Бірақ мұғалімнің мәртебесі оның тек жалақысы мен біліктілігіне байланысты емес. Ол ата-анаға да байланысты. Өйткені үйде отырып, дастархан басында мұғалім туралы айтылған әңгіме баланың ұстазға деген қарым-қатынасын қалыптастыруы мүмкін. Сонда оқушы-мұғалім арасындағы байланыстың жақсы болуы ұстаздың біліміне, кәсібилігіне ғана емес, ата-ананың құрметіне де байланысты.