Тәртіпсіздік кезінде қаза болған сарбаздар ақтық сапарға шығарылды

Қазақстанда Ұлттық ұланның қос бірдей сарбазы – Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов жер қойнына тапсырылды. Екі жауынгер де жаппай тәртіпсіздік кезінде шейіт болған. Мадияр Қайсаров қызмет атқарған жедел бөлімше Қызылорда қаласындағы қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша жауынгерлік міндеттерді орындаған. Ал Айбат Аманов Талдықорғанда мародёрлерге қарсы шайқаста қаза тапты. 20 жастағы Мадияр Қайсаров пен 19 жастағы Айбат Аманов тиісті әскери құрметке сай жерленді.

Қанат Беляков, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:

- Сарбаздар жауынгерлік құрамдарда болған. Еліміздің елді мекендеріндегі конституциялық тәртіпті қалпына келтіру бойынша тапсырмаларды орындады. Лаңкестер тас лақтырып қана қоймай, арматуралармен де қаруланған. Біздің әскерлер оларға ерлікпен қарсы тұра білді, тапсырмаларды мінсіз орындады. Қамшының сабындай ғана ғұмырын сарп етуге дайын тұрды. Әскери, конституциялық борыштарын, өздеріне жүктелген міндеттерін адал, абыроймен атқарды. Әскери қызметшілер ерліктің нағыз үлгісін көрсетті.

Оразалы Қайсарұлы, марқұмның әкесі:

- Балам жарты жыл әскер қатарында болды. Ұлымды қарсы алуға іштей дайындалып, достарымен басын қосайын деп ойлайтынмын. Қанша сарбаз, адам жан тапсырып жатыр. Елдігімізді сақтайық! Осымен тоқтайтын уақыт жетті.