Шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге өтінім қабылдау басталды

Қазақстандық ғалымдар шетелде ғылыми тағылымдамадан өте алады. Елімізде конкурстық іріктеуге қатысуға өтінім қабылдау  басталды. Ол 2023 жылғы 15 наурызға дейін жалғасады. Ғылыми тағылымдаманы тағайындау конкурсына ұсынылатын шетелдік ұйымның шақыруы бар, ғылыми нәтижелері, отандық және халықаралық ғылыми басылымдар мен дерекқорларда индекстелетін мақалалары бар үміткерлер қатыса алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Бейінді ведомство инженерлік, жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, өнер, білім, агроөнеркәсіптік кешен, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларына басымдық берілетінін мәлімдеді. Айта кетейік, жыл жыл сайын 500 отандық ғалымға мемлекет есебінен ғылыми тағылымдамадан өтіп, әлемнің жетекші зертханаларында зерттеу жүргізуге мүмкіндік беріледі.