24 жастағы суретші шетел жұлдыздарына альбом мұқабасын жасайды
Drake, SAINt JHN, DaBaby. Қазақстандық 24 жастағы суретші шетелдің танымал артистерінің альбомдарына мұқаба жасаған. Оның алғашқы клиенттерінің бірі америкалық BoonkGang және FunnyMike атты блогерлер болды. Ал одан кейін жас суретшіге тапсырыс жасаушылар қатары еселеп артқан. Бүгінде Жұмаділ Елукеневтің партфолиосы соңғы 6 жылда жүздеген бірегей жұмыспен толығып үлгерді.
Жұмаділ Елукенев, суретші-иллюстратор:
– Ең бастапқыда Нью-Йорктік Snoopy Dinero атты рэпердің альбомымен жұмыс істедім. Дәл осы рэп орындаушы жариялаған байқауда мың доллар ұтып алған едім. Одан кейін кішігірім синглдардың мұқабаларын жасадым, сосын блогерлермен жұмыс істей бастадам. Сөйтіп маған хабарласатын әншілер де көбейді. Қазіргі таңда мен Нью-Йорк, Калифорниядағы клиенттеріммен тығыз байланыстамын. Рэп орындаушылардан, мысалы, қазір Interscope Records атты лейблмен жұмыс істеудемін.
Альбом мұқабасын салу бойынша тапсырыстар негізінен шетелден келеді. Ал Қазақстанда суретші ауқымды жобалармен жұмыс істейді. Мысалы, Жұмаділ Алматы қаласындағы медицина қызметкерлеріне арналған муралдың авторы екенін атап өткен жөн.
Жұмаділ Елукенев, суретші-иллюстратор:
– Алғашқы мурал 2020 жылы коронавирус індеті өршіп тұрған сәтте дәрігерлерді қолдау мақсатында салынды. Меніңше, биыл тағы бір мурал саламын деген ой бар. Қазіргі таңда қала ғимараттарының қабырғасына не салуға болатыны жөнінде идеяларым жеткілікті. Сондықтан осы жазда біреуін саламын деп ойлаймын.
Талантты суретшінің болашаққа үлкен жоспары бар. Ол сурет және граффити бағыттарында жетістіктерге жетуге ниетті.
Авторы: Ақзер Сегізбай