Тауар өндірушілердің ортақ реестрі құрылады
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Енді тауар өндірушілердің ортақ реестрі құрылады деп жоспарланып отыр. Себебі соңғы бірнеше жыл ішінде «Отандық өнім» деген жалған сертификатпен тауар сататын алаяқтар көбейген. Оның үстіне сол жалған құжатты пайдаланып, мемлекеттен қолдау немесе кредиттеу сынды жеңілдік түрлерін алып жатқандар бар.
Заң жобасының негізгі мақсаты – нақты қазақстандық тауар өндірушілерді дұрыс сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, олар туралы және олар өндіретін тауарлар туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қамтамасыз ету.
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, ортақ реестрге кіру тегін. Бастысы, қатарға қосылу кәсіпкерлердің өз еркінде. Тізімге ену үшін нақты талаптар бар. Тек бәріне сай болған кезде ғана мемлекеттік қолдауға қол жеткізуге болады.

