Таяу Шығыстағы кикілжің мұнай саясатына қалай әсер етеді

Таяу Шығыстағы кикілжің мұнай саясатына қалай әсер етеді

Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай нарығында дүрбелең туғызды. Иран Израилді зымыранмен атқылағаннан кейін баға бірден күрт өсті.

Ираннан Израильге ұшқан зымырандар мұнай бағасын да өздерімен бірге іле жөнелді. Мәселен, осыдан екі апта бұрын ғана ең төменгі көрсеткіште тұрған Brent маркалы мұнайдың бағасы бірден 5%-ға қымбаттады. Ал елде мұнай 3 долларға өсті.

Иранның мұнай саясатында алатын орны өте ауқымды. Күніне шамамен 3 миллион баррель қара алтын өндіреді. Ал бес жүзге жуық зымыранның астында қалып, ашуға мінген Израиль басшылығы Иранның осы мұнай өндірісі мен атом нысандарын атқылаймыз деп сес көрсетті. Сарапшылар мұнай бағасы құбылса, әлемдік саясатта да үлкен өзгерістер орын алады дейді.

Рашид Жақсылықов, экономист:

– Қазіргі таңда Иран мен Израильдің арасындағы қақтығысты ушықтырып алмау мәселесімен Американың өзі айналысып отыр. Егер Израиль Иранның мұнай өндірістерін атқылайтын болса, дүниежүзіндегі мұнай сұранысына өте үлкен кері әсерін әкеледі. Бұл кезде біз мұнай өндіруші елдерді бақылай алмай қалуымыз да мүмкін. Мұнай нарығы тек қана өндірушіден тұрмайды ғой. Мұнай нарығының құдайы – тұтынушы.

Егер Таяу Шығыстағы тартыс үдей түссе, басты мәселе мұнай бағасы емес, одан да қиын текетіреске әкеп соғуы мүмкін, - дейді Рашид Жақсылықов.

Әлемде бейбітшілік орнамай жаһандық экономика да бір ізге түспейді. Ал мұнай саясаты құбылып тұрған заманда мұнайымен мақтанатын Қазақстан қандай қадамға баруы тиіс?

Сапарбай Жобаев, экономист-ғалым:

– Қазіргі шиеленіс күшейіп кететін болса, Парсы шығанағында үлкен шиеленістер болады. Содан көбірек мұнай шықпай қалып, одан кейін хусейттер, я болмаса Ливандағы Хезболлалар Жерорта теңізіне, Қызыл теңізіне бір шектеу қояр болса, онда Еуропа мемлекеттерінен біздің мұнайға сұраныс артады да, мұнайдың бағасы көбеюі мүмкін. Біздің мұнай экономикамызға оң әсер етуі мүмкін. Бірақ біз әрине бейбіт елміз, ұрыс болғанын қаламаймыз.

Таяу Шығыста тартыс басталғалы ақпарат алаңындағы майдан да үдей түсті. ОПЕК елдерінің арасында алауыздық пайда болды деген жалған ақпараттар да желдей есіп жүр. Бірақ  сәуегейлік танытуға әлі ерте. Бір анығы, Қазақстанның Энергетика министрлігі ОПЕК елдерінің алдындағы міндеттемелерді мүлтіксіз орындағанын мәлімдеді.