Тек ер азамат пен әйелдің ғана некелесуіне рұқсат етіледі

Тек ер азамат пен әйелдің ғана некелесуіне рұқсат етіледі

Неке – бұл ер азамат пен әйелдің ғана ерікті әрі тең құқықтағы одағы. Жаңа Конституциялық жобаның 30-бабында осындай нақты норма көрсетілген. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының алаңында «Алғыс айту күніне» орай іс-шара ұйымдастырылып, Конституциядағы бірқатар өзгерістер де кеңінен талқыланды. Жиынға қатысқандар отбасы институтын нығайту үшін тағы қандай өзгерістер жасауға болады деген мәселені де көтерді. Бұған дейін «Неке және отбасы» кодексіне де бірқатар түзетулер енгізілген. Оған сәйкес, енді мешіт тек заң алдында ерлі-зайыпты атанған азаматтардың ғана некесін шариғат талаптарына сай қиюға міндетті. Сондай-ақ, Конституцияға сәйкес көп әйел алуға тыйым салынып, полигамияның жолы кесілуі тиіс.

Баян Ахатай, ҚХА аналар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Неке туралы Кодексте көрініс тапқан баптардың Конституциялық деңгейге, сол иерархияға көтерілуі, мысалы ер мен әйелдің тең одағы деген мәселеге келсек, өздеріңіз білесіздер түрлі сыртқы күштер бар. Яғни, біздің ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, отбасын институтын нығайтуға жасалған бұл бір шешуші қадам.