Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары

Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары

Қазақстан мен Түрікменстан транзиттік бағыттарды бірге дамытпақ. Тарифтерді оңтайландырып, кедендік рәсімдерді де жеңілдетеді. Ол үшін шекара маңы, өткізу бекеттері жаңғыртылады. Екі елді байланыстыратын Түрікменбашы – Қарабұғаз – Қазақстан автожолы салынып жатыр.  Бұл  жүк тасымалын арттыруға ықпал етеді. Биыл он айдың өзінде екі елдің арасындағы транзит көлемі бір жарым миллион тоннаға жеткен. Бүгін Ақордада Қазақстан мен Түрікменстан басшылары келіссөз жүргізді.


Түрікменстан Қазақстанның батыс бүйірінде жатқан бауырлас ел. Маңғыстаумен шектесетін көршіміз. Шекара сызығы 450 шақырым, қысқа болғанмен, тарихи тамырымыз ұзын, байланымыз бұрыннан бекем.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді.


Астана мен Ашхабадтың саяси-экономикалық ұстанымы ұқсас. Өйткені екеуі мұхитқа шыға алмайтын тұйық теңіздің жағасындағы ел. Сондықтан транзиттік хабтарды бірге дамытуға мүдделі. Ол үшін көлік инфрақұрылымын реттеп, кеден рәсімдерін цифрландыру керек.


Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:


- Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ.


Түрікменстан табиғи газға өте бай мемлекет. Соны сыртқа экспорттап, ел қазынасын толтырып отыр. Түрікмен газын біз де қолданамыз, Қытайға да жеткіземіз. Енді Иран мен Оңтүстік Азия елдеріне асыру жоспарымыз бар.


Транзиттен түсетін табыс көп. Сондықтан Ауғанстан, Парсы шығанағы, Үндістанға жол ашатын темір жолды жаңғыртып, - Қарабұғаз бен Ақтау арасында автожол салу екі елге де маңызды. 


Нұрлан Ноғаев, Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:


- Ақтау- Түркіменбашы арасындағы жол тауарайналымды жақсартуға үлкен ықпал етеді. Қазір Түрікменстанда Қарабұғаз өткізу пункінен Қарабұғаз қаласына дейін жол салып жатыр. 4 жолақты. Сәйкесінше Темірбабадан бері қарай Ақтауға дейін Көлік министрлігі атқарады.


Қазақстанның Түрікменстанға 120 миллион доллар инвестиция құйған. Елімізде түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания жұмыс істейді. КЕСТЕ: Соңғы 5 жылда өзара сауда 4 есе артып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайған. Түркімен жұрты бізден телефон, ұн, күнбағыс майы мен темір сатып алады. Ал біз олардан табиғи газ, ауыл шаруашылығы өнімдері мен химиялық реагенттерді импорттаймыз.

Түрікменстанның халықаралық аренада беделі артып келеді. 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасы БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауын тапқан. Қасым-Жомарт Тоқаев  осындай ілкімді істері үшін Сердар Бердімұхамедовті прогрессивті, мықты көшбасшы деп атап, кеудесіне «Алтын Қыран» орденін тақты.