Туристер бюджетке 630 млрд теңгеге салық түсірген
Билет бағасы қатаң бақылауға алынсын. Әсіресе, жаз мезгілінде — туристер
ағыны артатын уақытта ешбір аймақта кедергі болмауы тиіс. Бүгін Олжас Бектенов
Үкіметте туризмді дамыту мәселесі талқыланған жиында әкімдер мен министрлерге
осындай ескерту жасады. Өйткені қазір бұл сала да бюджетке қомақты қаржы
түсіріп отыр. Мәселен, туристер есебінен былтыр түскен салық 630 млрд теңге
болған. Сонымен, демалыс орындарының дайындығы қандай?
Сүндет Оралбек, тілші:
- Соңғы жылдары еліміздің тұмса табиғатын көзбен көруге келіп жатқан
туристер саны еселеп артты. Мәселен, былтыр қазақ жерінің тау-тасын аралау үшін
4 млн-ға жуық шетелдік ат басын бұрыпты. Олар ел аумағында шамамен 3 млрд
доллар жаратқан. Соның арқасында бюджетке 630 млрд теңге салық түсті. Иә,
туризм - ебін тапқанға қыруар қаржы көзі. Сол үшін келушілер жыл 12 ай
демалатындай жағдай жасау керек. Сала
министрі бұл бағытта жүйелі жұмыс қолға алынған деп сендірді.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Саланы одан әрі дамыту мақсатында осы жылдың наурыз айында заңнамалық
түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз»
тетігі енгізілуде. Бұл ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан
өту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Визит-орталық ұғымы бекітіліп,
олардың құрылуы мен жұмыс істеуіне қойылатын негізгі талаптар айқындалды.
Үкімет туристердің елге кіруін де жеңілдетіпті. Қазір 105 елдің азаматтары
елшілікке жүгінбей-ақ электрондық виза арқылы Қазақстанға келе алады. Олардың
қауіпсіздігіне де баса назар аударылған. 18 аймақтың көрікті жерлерінде
туристік полиция бөлімшелері ашылған. Ал ондағы тәртіп сақшылары шет тілдерін
жетік меңгерген.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Әуежайларда және ірі шекара өткелдерінде QR-коды бар «туристік карталар» беріледі. Онда елімізде болу ережелері, шұғыл қызметтер мен байланыс операторлары туралы қажетті ақпарат орналастырылған.
Туризмді түлету үшін алдымен инфрақұрылымды жетілдіру керек. Бізде ақсап
тұрғаны да осы. Табиғи қорықтар мен әсем жерлер көп. Бірақ, жол жоқ. Осы
мақсатта биыл 11 мың шақырым автожол жөнделмек.

