Түркі елдерінің мәдениеті дәріптелген кезең
«Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылы салтанатты түрде жабылды. Енді келесі жылдан бастап бұл мәртебелі атақты Өзбекстанның Әндіжан қаласы иеленеді. ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері бас қосып, ынтымақтастықты дамытудағы бағыттар айқындалды. Жиында Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ТҮРКСОЙ-ды реформалау бастамаларын таныстырды. Аида Балаева мәдени астана мәртебесі өңір үшін құрмет қана емес, сонымен бірге түркі әлемінің бай мұрасын кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Биыл түркі елдерінің назары Ақтауға түсті. «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында 30-дан аса ірі халықаралық іс-шара өтті. Олардың қатарында музыка, эпос, фольклор және би фестивальдері, шығармашылық симпозиумдар мен ғылыми конференциялар, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған түрлі байқаулар бар. ТҮРКСОЙ елдері мәдениет министрлерінің 42-отырысында бұл бағыттағы жұмыстар түркі елдерінің арасында әрі қарай да жалғасын табатыны айтылды. Отырыс барысында 2026 жылға арналған ТҮРКСОЙ ұйымының жұмысын жетілдіру бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы:
- Ақтау өзгеше бір этап болды. Ақтау өзінің масштабы бойынша да, өзінің қамтыған мәселелері бойынша да, іс-шаралардың сапасы бойынша өте жоғары іс-шара болды. Ақтауды дүниеге таныттық, бір ғана Қазақстан, түркі дүниесінде емес, Еуропадағы, Америкадағы, басқа да мемлекеттерде Ақтау жөнінде жақсы сөз болды. Ашылу салданатында 150 мың көруші келді. Мұндай тарихта болған емес.
Салтанатты іс шара гала-концертпен жалғасты. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан 300-ден астам әртіс қатысып, көрерменге вокалдық және би қойылымдарын ұсынды. Мәртебелі жылдың жабылу концертіне 1500-нан астам адам қатысты. Әсем ән әуелеп, көркем дүниелер мен жарқын қойылымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осылайша түркі елдерінің рухы асқақтады.
Ербол Ізбергенов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
- Ақтау түркі мәдениетінің сан алуан үлгілері, иновациялық және заманауи форматта таныстырылған жаңа орталыққа айналды. Осы бірлескен еңбектің нәтижесінде қаламыздың даңқы гүрілдеп, әлемге танылды. Жастардың халықтық өнерге қызығушылығы күшейіп, өнердің мәдени инфрақұрылымы жаңғырды. Біздің мақсат тек өткенде дәріптеп қоймай, ортақ мұрамызды келешек ұрпаққа жеткізу.
Концерттік бағдарламадан кейін Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы атағын Өзбекстанның Әндіжан қаласына табыстады.
Авторы: Айман Нұрмағанбет

