ТЖМ Басшысы таулы жердегі туристік бағыттарға электрондық келісім енгізуді ұсынды

Туристерден Алматыдағы құтқарушылармен тау маршруттарын алдын ала келісу талап етілуі мүмкін. Бұл ұсыныстың бастамашысы – Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин. Оның айтуынша, климаттық ерекшеліктерге байланысты Алматы облысы түрлі табиғи апаттарға бейім. Ведомство басшысы қаланың биік таулы аймақтарындағы қар көшкініне қатысты жағдайларын тілге тиек етті.

«Таулы жерге шығатын барлық туристік топтарды Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне хабар беруге міндеттейтін заңнамаға өзгерістер енгізуге бастама жасағымыз келеді. Туризмді дамыту бойынша фронт-офис құруды ескере отырып, топтардың қалай қозғалатынын бақылау үшін Республикалық жедел-құтқару жасағымен бірігіп, туристік маршруттарды тіркеудің электрондық нұсқасын барынша тезірек іске қосу қажет», - деп атап өтті Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы.