Үкіметте жаңа цифрлық шешімдер ұсынылды

Үкіметте жаңа цифрлық шешімдер ұсынылды

Дәрі-дәрмектердің заңды айналымына кепілдік және балабақшаларға кезекті қадағалау. Қазақстанда аталған мәселелерді жүйелеп, реттеуге жаңа цифрлық шешімдер мүмкіндік береді. Ел Үкіметінде осыған бағытталған инновациялар ұсынылды. Олардың бірі дәрілік заттардың көлеңкелі саудасын төмендетумен қатар оларды орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға септеседі. Толық қадағалау мақсатында әр қорапқа екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады. Есесіне препараттардың айналымын өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақылауға мүмкіндік туады.  Сонымен қатар, Үкімет басшысына елде балабақшаларға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы таныстырылды. Egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдау мүмкіндігі қарастырылмақ. Жалпы мектепке дейінгі тәрбие мекемесін анықтаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді. Әзірге пилоттық режимде сыналып жатқан қос жобаны 2024 жылы толық іске қосу жоспарланған.