Ұлттық әуе тасымалдаушы компания IPO арқылы 370 млн доллар тартты

Ұлттық әуе тасымалдаушы компания IPO арқылы 370 млн доллар тартты

«Air Astana» Ұлттық әуе тасымалдаушы компаниясы бірден 3 қор биржасында IPO-ны сәтті аяқтады. Нәтижесінде, компания 370 млн доллар табыс көрді. Оның 120 млн доллары әуе флотын дамыту мен кеңейтуге жұмсалады. 

 

Акцияларды ашық саудалаудың қорытындысына сай, әуе компаниясындағы мемлекеттің үлесі 51%-дан 41% дейін азайды. Британдық компанияның үлесі 49%-дан 15% дейін төмендеді. Акциялардың 44% - ашық айналымда қалады. 

 

Айта кетейік, IPO кезінде акциялармен қатар, жаһандық депозитарлық қолхаттар да сатылымға шығарылды. Акционер-компания өкілдерінің сөзінше бір депозитарлық қолхаттың құны 4 акцияның құнына немесе 9,5 долларға тең болған. Жалпы, бұл сауданы компания өкілдері сәтті өтті дейді. Отандық әуе тасымалдаушының құнды қағаздарын халықаралық институционалдық инвесторлар да, қазақстандықтар да сатып алған. 

 

Салтанат Сәтжан, «Самұрық-Қазына» АҚ Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры: 

 

– Бір қызығы, 370 млн доллар тартылған инвестицияның 58% қазақстандық инвесторлардың үлесінде. Ал 42% халықаралық инвесторларға тиесілі. Қазақстандық инвесторлар салған қаражаттың жартысынан көбін қарапайым ел азаматтары салған. Бұл өткізілген IPO расымен бірегей болды деп айта аламыз. Себебі ол бірден AIX, KASE және лондондық LSE қор биржаларында бір уақытта жүргізілді. Сұраныс  біздің ұсынысымыздан әлдеқайда жоғары болды.