Ұлттық кітап күні бекітілді
Елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күнін мерекелер тізіміне енгізу туралы қаулы күшіне енді. Мұндай тапсырманы Президент 3-ші Ұлттық Құрылтайда жүктеген болатын. Кітап – адамзаттың баға жетпес қайнары, ұлы құндылығы, мәдениет пен руханияттың теңдесі жоқ сарқылмас қазынасы. Соңғы кездері жас буын кітап оқымайды деген сын көп айтылып жүр. Әлеуметтік желінің басым бағыт алып кеткенін, таразының осы жағының бәсі биік екенін де ешкім жоққа шығара алмаса керек. Дегенмен әлемнің өркениетті елдерінде кітап оқу өзектілігін жоймаған.
Кітап – келешектің компасы. Кеше мен бүгіннің адастырмас айнасы. Өркениет өзегі, мәдениет мәйегі. Ұлт пен ұрпақты байланыстыратын, тәлім-тәрбие құралы. Ал, кітапхана – білім ордасы, ақыл-парасат тоғысытын арна. Президент озық ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу деді. Кітап оқуды жақсы қасиетке балап, Ұлттық кітап күнін белгілеуді құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.

