Қаллеки театрының симфониялық оркестрі халықаралық байқаудың Гран-при иегері атанды
Халықаралық деңгейдегі жетістік. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының симфониялық оркестрі Стокгольмде өткен «Aurora» фестиваль-конкурсында екі номинация бойынша гран-при және I орынға ие болды.
Шығармашылық ұжым байқауға төрт шығарма жіберген. Нәтижесінде оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйі және Майкл Джексонның өңделген туындысы жеңіске алып келді.
Театр оркестрінің репертуарында қазақ халық музыкасымен қатар, отандық композиторлардың жаңа өңдеудегі туындылары, шетелдік хиттер, тіпті джаз композициялары бар. Бұған дейін ұжым халықаралық байқауларда бақ сынап көрмеген. «Бұйырған кетпейді» демекші, алғашқы әрекеттен-ақ оркестр екі бірдей жүлденің иегері атанды.
Ерлан Бейсембаев, дирижер:
- Тарихымызда алғаш рет байқауға қатысуға өтініш жіберіп, бірден екі номинация бойынша жоғары марапатқа ие болдық. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Әрине, жеңіске жететінімізге сенімді болдық, себебі біз әрдайым дайындық үстіндеміз. Бір аптадан кейін құдды бір конкурсқа қатысатындай дайындаламыз. Біздегі режим сондай. Оған қоса бағдарламамыз әрқашан дайын. Сондықтан еш қиындықсыз байқауға видеоны жазып шықтық. Оркестрдің шеберлігін гран-при және I орынға лайық деп тапқандары қуанышты. Әрине, бірінші кезекте бұл – бүкіл ұжымның еңбегі.
Авторы: Ақзер Сегізбай