Ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдар қайта жаңғырмақ

Қарағандылықтар ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды әзірлеу әдістерін қайта жаңғыртпақ ниетте. Өңірдің тарихи-өлкетану музейінің өкілдері «Атадан қалған адал ас» жобасын қолға алды. Әр ай сайын жергілікті аспаздар қазақтың жаңа бір тағамын таныстырады.

«Жаужүрек» тағамы ананың баласына деген қамқорлығын білдіреді. Ол адамның бойындағы күш-қуатын арттырады деген сенім бар. Алайда қазір де ол – дастарханның сәнін келтіретін аса дәмді ас. Оның емдік қасиеті де бар. Айтар болсақ, миокард инфрактінің алдын алады.

Арайлым Сәду, музей қызметкері:

- Негізі қарасаңыздар, бауыр мен іш май майлы болып көрінуі мүмкін, бірақ қуырылғанда олай болмайды. Көптеген дәрумен бар. Бұл тағамды аналар ұлдарына алыс сапарға шыққанда дайындаған.

Өлкетанушылар қазірдің өзінде ұмытыла бастаған 200-ден аса тағам барын айтады. Этнографтар оларды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

Нарша Ерсінқызы, музей қызметкері:

- Біз ұмыт болған тағамдардың рецептерін авторы белгілі этнограф Әйкерім Мұсағожинованың «Қазақы ас: Дәстүр мен дәм» кітабынан алып отырмыз. Ол кісі әр өңірге арнайы экспедиция жіберіп, халық аузынан жазып, ұмыт болған тағамдарын ұсынған.

Жоба бір жыл бойы жалғасады. Осы уақытта ұмыт бола бастаған 50-ге жуық тағамды қайта жасап, бейнетаспаға жазып, келушілер назарына ұсыну жоспары бар.