«URKER-2021» байқауына өтінімдер қабылдау басталды

Қазақстанда «URKER-2021» ұлттық бәйгесіне өтінімдер қабылдау басталды. Дәстүрлі байқауға еліміздің аумағында медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, сондай-ақ өңірлік радио, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады.

Ұйымдастырушылар қоятын басты талаптардың бірі – конкурстық жұмыстар өткен жылдың 1 қарашасы мен биылдың 1 маусым айының аралығында жариялануы тиіс. Қазылар алқасы фотосурет, репортаж, аналитикалық материал, журналистік зерттеу, сұхбат, танымдық материал, радиостанциядағы жоба, жаңалықтар порталы, газет, журнал және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған материал сынды 11 аталым бойынша жүлдеге лайықты деген үздіктерді анықтайды. Соңғысы – арнайы номинация.

Айжан Мусинова, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары:

- Бұл аталым бойынша Қазақстанның егемендік жылдары мен түрлі кезеңдеріне, дамуына байланысты, ел үшін ерекше оқиғалар жайында баспа, интернет-порталдар мен радиода жарияланған кез келген материалдар қатыса алады. Сәйкесінше осы жылы алғаш рет енгізілген жаңа номинация «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал» деп аталады. Қазіргі кезде осы тақырып аясында өте көп материал шығып жатыр. Сондықтан осы аталымда бәсекелестік аса жоғары болады деп күтілуде. Бүз үшін журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында осындай бәйге жариялау аса маңызды болды. Жұмыстар әр аталым бойынша түсіп жатыр.

Әр үміткер тек екі аталымға қатысуға құқылы. Тәуелсіз қазылар алқасының құрамына енген кәсіби журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері және Әзербайжан мен Германия елдерінің халықаралық медиа сарапшылары келіп түскен жұмыстарды бағалайтын болады. Ұлттық бәйге жеңімпаздары 1 миллион теңге мөлшеріндегі қаржылай сыйлықтың иегері атанады.

Еске салайық, байқау баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі. Өтінімдерді қабылдау urker-awards.kz ресми сайтында 15 маусымға дейін жүзеге асырылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов