Ұшақпен Израильден эвакуацияланғандар Қазақстанға жеткізілді

124 қазақстандық Израильден отанына оралды. Репатриациялық рейс Алматы халықаралық әуежайына түнде қонды. Бортта келген ел азаматтарынан бөлек 42 шетелдік те эвакуацияланды. Сондай-ақ қауіпсіз жерге жеткізілгендер  арасында «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өткен 16 степендиант пен екі сәби бар. Шаһардың әуе айлағында қазақстандықтарды жақындары  күтіп алды. Елге оралған қазақстандықтар шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдірді.

Айсұлу Телғарина:
- Бос орындардың бар-жоғын білу үшін Елшілікке қоңырау шалдым. Эвакуациялық рейстер бар екенін білдім, мені бірден тізімге қосты. Ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде. Алғысымыз шексіз. Бізге қамқорлық жасап, жағдайымызды сұрап жатты. Барлығы жақсы.

Артур Ковалевский:
- Оқиға басталысымен бірден келесі күні топ ұйымдастырылды. Мен олардың мені қалай тапқанын, байланыс номерлерімді қалай тапқанын білмеймін. Жалпы, бәрі тез және тиімді ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, еліміздің сыртқы істер министрлігі Израильдегі отандастарымызбен байланысты үзбей, жедел әрекет жасау мақсатында арнайы мессенджерде чат құрды. Тиісті ведомство таратқан деректерге сай қазіргі уақытта Газа секторында біздің еліміздің паспортымен 25 азамат бар.