Зейнетақы жинағы: 140 стоматология жабылған

Зейнетақы жинағы: 140 стоматология жабылған

Соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігі ретінде 5,5 трлн теңге алған. Талап бойынша ипотекаға, денсаулыққа байланысты шығындарға және инвестицияға алуға болатын. Бірақ тіс емдеуге деп алған ақшаның біразы заңсыз жұмсалғаны анықталды. Осы былықтан кейін 140 стомотология жабылған. Толығырақ әріптесім Сүндет Оралбек айтып берсін.¤


Зейнетақы қорынан шешілген қаражаттың 1 трлн теңгесі емделуге бағытталған. Дегенмен, бұл қаржының бәрі мақсатты түрде пайдаланылды деп айту қиын. Арасында түрлі айлаға барғандар жетерлік. Мәселен, стоматология қызметін көрсетеміз деп, зейнетақы жинағынан 200 млрд теңгеге жуық қаржыны заңсыз иемденгендер бар. Арам пиғылдылар қаржыны қалтасына баспас үшін Үкімет тіс пен көзді емдеуге, пластикалық операция жасауға қаржы беруді тоқтатты. Бірақ, адамнан айла артылған ба? Артынша көпшілік қордағы қаржысын радиохирургиялық емге бағыттады. Желтоқсанда 7 154 өтінім орындалған. Осы мақсатта 5,6 млрд теңге жұмсалды. Мамандар бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш деп отыр. Өйткені, өткен жылдың 11 айында 548 млн теңгенің өтінімі ғана мақұлданған. Экономист Бауыржан Ысқақтың сөзінше, жасалып жатқан қадамдар жеткіліксіз. Талаптарды күшейте түсу керегін айтады.


Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Бірінші кезекте цифрландыруды енгізу керек. Қаражат қордан алынып, емханаға түскен кезде оның заңсыз, лицензиясы, аккредитациясы жоқ қорларға, поликлиникаға түсіп кетпеуінің алдын алады. Осындай қарапайым, халыққа түсінікті жолдарды қоятын болсақ азаматтар заңға бағыну арқылы осы бір жағымсыз әрекетті болдырмайды деп айтуға болады.


Ал тұрғын үй мәселесін шешу үшін қордан 4 жарым трлн теңге бөлінген. Сарапшылар бұл жүйе баспана бағасының шарықтауына әсер еткенін айтады. Мәселен, Астанада 2021 жылы 1 бөлмелі пәтердің бағасы 7 млн теңге болса, 2022 жылдың соңында 14 млн-ға көтерілген. Тіпті, құрылыс материалдары құнынының аспандауына да себеп болыпты.


Сапарбай Жобаев, экономист:

- Зейнетақы қорынан қаржы алу экономикамызға, халыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Себебі бұл инфляцияны үдетіп жіберді. құрылыстағы инфляция 40-50 пайызға асып кетті. Зейнетақы қорына тиуге болмайды. Бұл біздің инвестициялық әлеуетіміз.


«Отбасы банк» жүйеге өзгеріс енгізуді бастап кетті. Зейнетақы жинағындағы қаржының шекті сомадан асатын бөлігін алудың тәртібін өзгертті. Енді бұл қаражатты азаматтар тек ипотеканың негізгі қарызын ғана өтеуге құқылы. Жаңа талап 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Бұл өзгеріс халықтың қарыздық жүктемесін азайтады дейді жауаптылар.


Жанболат Қалменов, «Отбасы банк» АҚ Банк өнімдерін әзірлеу басқармасынын басшысы:


- Жартылай немесе толық кредит жабу клиенттерге тиімді. Себебі, ол мерзімін азайтады. Ай сайынғы төлемін азайтады. Және банкке төлейтін паызы аз болады. Аталған өзгерістер ҚР құрылыс және өнеркәсіп министрлігімен бекітілген. Және оның басты мақсаты Ол халықтың қарыздық жүктемесін азайтады.

Қор өкілдері зейнетақы қаражатын «делдалдар» арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру деректері жөнінде ақпарат жоқ екенін жеткізді. Олар тек өтінімдерді орындап, қаражатты арнайы шоттарға аударады. Ал оның қалай, қайда жұмсалатыны уәкілетті органдардың бақылауында деп қысқа қайырды.