Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде адамдар жоғалып кетті

Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде адамдар жоғалып кетті

Әскери қоймада оннан астам жарылыс болған. Мұндағы оқ-дәрінің көлемі Арыстағы қоймадан 7 есе аз. Жарықшақтар 3 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан жақын маңдағы 3 ауылдың 220 тұрғыны шұғыл эвакуацияланған.

Қазір жарылыс тоқтағанымен қалдықтары жанып жатыр. Онда көбіне инженерлік оқ-дәрі сақталған. Ал із-түзсіз жоғалғандар іздестіріліп жатыр.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Жарылыстан қаза болған, 4 әскери азаматтың, отбасына, туған-туысына көңіл айтамыз. Қазір із-түзсіз жоғалғандар бар. Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоймада инженерлік қару-жарақ сақталған болатын. Арыстағы жарылыстан күші жойқын емес. Күші 7 есе аз.

Қорғаныс министрі оқдәрі қоймасына қасақана өрт қойылуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармайды. Қазір жарылыс себебін жедел тергеу тобы анықтап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша қауіпсіздік талаптары бұзылған болуы мүмкін. Химиялық реакция салдарынан өзі жануы да ғажап емес. Осы ретте әскери қызметшілерге, азаматтық персонал мен олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету үшін топ құрылғанын айту керек.

Әскери қоймадағы жарылыс: алты адамның біреуі палатаға шығарылды

Жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы бір қалыпты. Ауыр халдегі 6 адамның біреуі реанимациядан палатаға ауыстырылды. Бұл туралы Облыстық денсаулық сақтау басмқармасының басшысы Әсет Қалиев жеткізді. Оның айтуынша, Реанимацияда жатқандардың жағдайы тұрақты ауыр. Жаралылардың денесін өрт шалып, түрлі дене жарақаты мен миы шайқалған. Қазір барлық ем-шаралар жүргізілген. Зардап шеккендердің арасында балалар мен жүкті әйелдер жоқ.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басмқармасының басшысы:

- Қалалық көпсалалы ауруханаға 28 адам жеткізілген. Барлығының жағдайы бірқалыпты. Ал, Реанимацияда жатқандардың жағдайы тұрақты ауыр. Олар түрлі дене жарақатын алған. Денесін өрт шалып, миы шайқалған. Барлық ем-шаралар жүргізіліп жатыр.

Эвакуация пункттерінде 60 адам қалды

Жарылыс кезінде эвакуацияланған ауыл тұрғындары үйлеріне оралып жатыр. Әскери бөлімге жақын орналасқан үш ауылдан 1200-ге жуық тұрғын жедел көшірілген еді. Олардың жеті жүзден астамы мектеп, колледж ғимараттарына орналастырылды. Бас сауғалай қашқан тұрғындар ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді. Қазір сәл есін жиған жұрттың басым бөлігі үйлеріне қайтқан. Эвакуациялық пункттерде 60-қа жуық адам қалды.