Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтеді?

Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Оқушы баласы бар ата-ана үшін аса қауырт маусым. Елордалық Салтанат Тұрдыбекова екі баласын мектепке қамдау үшін базар аралап жүр. Биыл бірі төртінші, енді бірі бірінші сыныпқа барады. Бұл істе ел бойынша өтіп жатқан мектеп жәрменкелерінің септігі мол болды, дейді ана. Айтуынша, мұнда мектеп керек-жарағы нарықтағы бағадан  біршама төмен саудаланып жатыр. 

Салтанат Тұрдыбекова:

-Кешірек дайындалып жатырмыз, соның өзінде қазіргі бағалары қолжетімді. Енді орта есеппен бір балаға 50 мың, екі балаға 100 мың теңгеге қажетті киім, концеляриялық тауарлар алып жатырмыз. Формаға келгенде мәселен, ақ пен қара кисін деп, түрлі-түсті болмасын деп айтып жатыр. Баланың бүкіл құрал жабдықтары болуы керек. Ата-ана тазалығына, барлығына қарау керек. Бала тәртіппен өсу керек, ол үшін оқу-білім жағына талап қою керек. Ата ана соны жіті қадағалап отырса ол болашағымыз үшін маңызды.

Биылда аз қамтылған отбасылар назарсыз қалмайды. Еліміздің жалпыға бірдей білім беру қоры 460 мыңға жуық оқушыны киім және кеңсе заттарымен толық қамтамасыз ету үшін 18 млрд теңге бағыттаған.  

Серік Әділбаев, Астана қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары:

-«Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы аясында 14 мыңнан астам оқушыға 41 мың теңгені құрайтын бір реттік көмек жоспарланған. Бұл көмек мектептерден ата-аналардың жеке шотына ұсынылатын болады. «Мектепке жол» акциясының шеңберінде ішіне балаларға мектепте оқуға керек құрал-жабдықтармен қамтылған рюкзактар беру жоспарланған. Мәселен, былтыр 8 мың 12 балаға көмек көрсетілсе, биылғы жоспарымыз 8 мың 500 баланы құрайды. 

Жалпы биыл 3,9 млн оқушының 364 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен төменгі буын оқушылары түгел тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Білім бағдарламасында да бірқатар өзгеріс жоспарланған. Мәселен, тілдерді оқытуды кезең-кезеңмен енгізу үрдісі жалғасады. Еске сала кетейік, мектеп табалдырығын аттаған оқушылар 1 -ші сыныпты тек бір тілде оқиды. Орыс тілі екінші сыныпта қосылса, ағылшын тілін меңгеруге үшінші сыныптан бастап кіріседі. Жоғары сынып оқушыларына  да тың өзгерістер күтіп тұр. 

Бибі Әбілкәрімова, ҚР оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:

-Биылғы оқу жылынан бастап қазақ тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілінен емтихан тапсырылады. Ал, орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілі және қазақ әдебиетінен емтихан тапсырады. Бұл дегеніңіз қандай деңгейлерде? Мысалы, негізгі орта білім деңгейінде 5-8-ші сыныптарда, жалпы орта білім деңгейінде қарастырсақ ол 10-шы сыныптарда. Яғни, мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты негізінде айтылым, оқылым, жазылым ескеріледі.   

Алдағы білім күнінде 52 жаңа мектеп салтанатты түрде есігін ашпақ. Жыл соңына дейін тағы 102 білім ошағы қолданысқа берілмек. Бұл апаттық және үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешуге ықпал етеді деді, сала мамандары.