Жаңа жылдан бастап зейнетақы өседі
1 қаңтардан бастап зейнетақы өседі. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 мың, ал ең жоғарғысы 60 мың теңге болмақ. Мысалы 70 жастағы зейнеткер бұған дейін 171 мың теңге алса, енді ай сайынғы төлем 192 мыңға дейін ұлғаяды. Оның 60 мыңы базалық, 132 мыңы ынтымақты зейнетақы. Әлеуметтік қолдау мұнымен шектелмейді. Келер жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері көбейеді. Бірінші, екінші немесе үшінші баласы дүниеге келгенде берілетін төлем 164 мың теңгеге дейін өседі. Ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін төленетін жәрдемақы 272 мың теңгеге жетпек. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмайды. Оларға берілетін қаржылай көмек 10 пайыз ұлғаяды. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар 111 мың, екінші топтағылар 89 мың, үшінші топтағылар 61 мың теңге алады. Сонымен қатар, асыраушысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем де 10 пайыз көбейеді.

