Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды

Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды

Биыл елорда тұрғындарына арнап 40 шырша қойылды. Соның бірі - Есіл ауданындағы Экспо алаңында орналасқан. Мұнда жаңа жылдық шыршаның жануын көру үшін мыңдаған адам жиналыпты. Алаңда сырғанақтар мен түрлі архитектуралық мүсіндер де орналасқан. Сондай-ақ, сахна төрінде танымал әншілер мен театр әртістері өнер көрсетті.

Бұл елорда төріндегі ең үлкен шыршалардың бірі. Биіктігі 23 метр. Оны безендіріп, ертегідегі әсем қалыпқа келтіру де оңайға соқпаған. Түрлі жарық шамдар мен қызылды-жасылды ойыншықтың 4 мың данасы кетіпті. Астанадағы алып шыршаның жануын көруге келгендер нөпірі аз емес.

Елорда көшелеріндегі барлық шырша бір мезетте жарқырады. Қаладағы барлық 6 ауданда мерекелік шара мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылған. Сахна төрінде танымал әртістер өнер көрсетіп, әуезді ән шырқалды. Мұнда балаларға арналып Ақшақар мен Аяз ата да келген.

Бақытжан Алдауов, Астана қаласы, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі мәдени іс шарамызда Әзірбайжан Мәмбетов театрының актерлері өнер көрсетуде. 1 жарым сағаттық мәдени іс шара болады. Биыл біз ауданымыздың бас көшелерінің ағаштарын безендірумен айналыстық, және де архитектуралық формалар орнаттық. Балалар тамақтанып алуына.

Биыл қалада мұндай алаңдарда 40 шақты шырша бар. Оның жанына балалар ойнайтын ойын алаңдары мен сырғанақ та ойластырылған. Бастысы қала жұртына қысқы мезгілде де көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, демалысты жақсы өткізуге барлық жағдай жасалған.

Авторы: Мақпал Рахатқызы