Елордада «Ана орамалы» арт жобасы бастау алды

Мейірім мен тазалықтың нышаны. Елордада «Ана орамалы» атты жылжымалы көрме ашылды. «Құланшы» заманауи өнер орталығы қолға алған жобада түрлі жас аралығындағы нәзік жандардың жаулықтары бір кенептің бойына тоғыстырылған. Әрбір орамалдың өз тарихы мен айтар ойы бар.

Лейла Махат, жоба авторы, «Құланшы» заманауи өнер орталығының кураторлар кеңесінің төрайымы:

- Осы жобаға өзінің сүбелі үлесін қосып, атсалысу үшін көптеген қыз-келіншек өздерінің орамалдарын жіберіп жатыр. Аналарының жаулықтарын алып келгендер де өте көп. Мәселен, алматылық тұрғын әжесі таққан орамалды арнайы ұшақпен алып келді. Дүниеден озған әжесі әлемді аралауды армандапты. Көзі тірісінде іске аспаған ойын тым болмағанда орамалы арқылы жүзеге асыруды мақсат тұтқан. Әрбірінде иесінің аты-жөні мен елі жазылған шағын символикалар бар.

Бүгінде игі бастамаға жеті бірдей ел жұмылған. Жалпы көшпелі инсталляция 20-дан астам елге барады. Арт жобаның авторлары шараның барысында орамалдар қатары толыға түсетініне сенімді.

Лейла Махат, жоба авторы, «Құланшы» заманауи өнер орталығының кураторлар кеңесінің төрайымы

- Көрмені жеткізетін логистиканы пысықтап, түрлі жолдарын қарастырып жатырмыз. Ең алдымен көршілес мемлекеттерге, кейін орамалдарды Кавказ еліне жеткізуді жоспарлап қойдық. Кавказдан Ресейге, ал Ресейден Еуропа мемлекеттеріне жол тартады. Біз бұл орамалдар әйелдер қауымын біріктіріп, жалпы әлем халықтарын барынша қамтығанын қалаймыз.

Әлем аналары орамалдары шеруінің барлық бағыты мен жеткен елдердегі көрмелерді әлеуметтік желілер арқылы онлайн тамашалауға болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов