Жас қазақстандықтар Елбасы медалін алды

Жас қазақстандықтар Елбасы медалін алды

Қазақстанда білімді де жігерлі жастардың кезекті легі Елбасы медалін алды. Марапат еліміздің әр аймағында 4 мыңға жуық белсенді жасқа табысталды.

Айта кетейік, жоба Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «El Úmiti» бастамасы аясында әзірленді. Ұлттық деңгейдегі бірегей бағдарлама дарынды жастарды кешенді дамытуға бағытталған. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтар қатысады. Үміткер қола, күміс немесе алтын деңгейдің бірін таңдап, 6-дан 18 айға дейін құрылған бағдарламаның талаптарын орындайды.

Біліктілікті дамыту 7 бағытты қамтиды. Атап айтсақ, спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхаттар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі жетілдіріліп, сыналады. 2 жылдың ішінде бұл жобаға еліміздің әр өңірінен 20 мыңнан астам жас өрен жұмылдырылған.

Маржан Иманғалиева, «Елбасы Академиясы»  корпоративтік қоры директорының кеңесшісі:

- Ағымдағы жылы медальдің иегерлері, білім гранттарын алуда артықшылықтарға ие болды. Қазақстан Республикасы бойынша 605 түлекке осындай білім гранттары берілді. Оның ішінде 30% астамы – ауыл-аймақтағы мектепті бітірген түлектер.

Әспет Кенжеқара, Елбасының қола медалінің иегері:

- Өтінішті Елбасы медалі сертификаты арқылы бердім. Одан кейін жауапты күттім. Кейін Еуразия ұлттық университетіне грантқа түскенім жайлы хабар келеді. Шыны керек, қатты қуандым. Себебі ата-анамның үмітін ақтау менің ерекше армандарымның бірі болды. «Елбасы медалі» жобасы арқылы өзімді әр саладан жақсы дамыта алдым десем де артық етпейді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов