Жеңісті жақындатқан жауынгерлер

Жеңісті жақындатқан жауынгерлер

Жылдар жылжыған сайын от пен оққа кеудесін тосып, Отан қорғаған қарт майдангерлердің қатары азайып барады. Мәселен қазір Сыр өңірінде сұрапыл соғысты көзбен көрген екі-ақ ардагер қалыпты. 

Яхия Тасыров ақсақал биыл 103 жасқа толды. Қарт майдангер әлі тың. Өткен ғасырдағы кескілескен шайқастың әр сәті қарияның жадында жазулы. Қазақ жауынгері 1941 жылы жалындап тұрған жиырма жасында ұрыс даласына аттаныпты. Ең алғаш фашистермен бетпе-бет шайқасы Сталинград түбінде өтеді. Қақтығыс кезінде жараланғанына қарамастан ұрыс даласынан ұзамай, неміс әскеріне тойтарыс берген.

Яхия Тасыров, Соғыс ардагері:

- Үш түрлі заман көрдік. Аман қаламыз әйтеуір. Кешегі соғыста да. Я пысықтықтан, я білімділіктен қалғаным жоқ. Тұр деді тұрдық, ат деді аттық. Жүгір деді жүгірдік.

Майдангер Белоруссия, Курск қалалары мен Польшаны азат етуге қатысқан. 1945 жыл екінші мәрте ауыр жарақат алып, жеті ай емделеді. Содан жеңіс күнін Мәскеудегі госпитальде қарсы алыпты. Яхия ақсақалдың әр әңгімесі тарихтың тірі кадрлары іспетті. Ерлік істің дарасын, сұрапыл соғыстың жүрекке салған жарасын бірден ұғынасың. Бірақ жастығын майданға берген қария ғұмырым бос өтті, - деп ешқашан налыған емес. Отан қорғап, ерлік көрсеткені дүйім жұртқа өнеге, ұрпағына мақтаныш.

Яхия Тасыров, Соғыс ардагері:

- Тілеуберген Тобабергенов те бозбала шақтың бақытын көрмеген буын өкілі. Ол соғыс даласына небәрі 18 жасында аттаныпты. Қылшылдаған жас жігіт қас пен көздің арасында қару асынып, Белоруссия майданына топ ете қалған. Кейіннен Польша, Чехословакия елдері мен Кенигсберг, Калининград қалаларын азат етуге қатысыпты. Ал ұлы жеңісті Берлин қаласында қарсы алған.

Марал Түзбаева, Қызы:

- 1943 жылы Кенигсберг қаласына барған кезде бомбаның жарғыншағы тиеді жауырынына. Енді қазір ол кісінің жауырыны шұңқыр. Содан 6 ай бойы больницада жаттып дейді. 6 айдан кейін қайтадан соғысқа аттандырған.

Қарт майдангер биыл 101 жасқа толып отыр. Шыны керек, жүрдек уақыт жүгі әбден қажытқан. Бірақ жеңіс күнін асыға күтіп жүргенін көңіл көзінен ұқтық.

Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 150 мың сарбаз қан майданда дұшпанға қарсы соғысыпты. Солардың 60 мыңы ғана оқ пен оттың ортасынан елге оралған. Ал қазір көзі тірі осы екі-ақ ардагер қалды. Олардың бозбала шақтағы ерлік әрекеті уақыт өткен сайын асқақтай түспек.