Жер шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға жалға берілмейді
Жерді пайдалануға беру рәсімдері біріздендіріледі. Елімізде осыны көздейтін арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда құжат Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауында жатыр. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, ондағы басты – мақсат жерді алу үрдісінде қағазбастылықты жою. Жер телімінің бөлінуі электронды үлгіде жүргізіледі. Заң жобасы аясында жер комиссиясы институтын алып тастау ұсынылып отыр. Ал жердің қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіруге қатысты әзірленіп жатқан заң жобасы аясында кәдеге жаратылмай жүрген учаскілерді қайтып алу мерзімін 3-тен 1 жылға дейін қысқарту көзделген.
Айта кетейік, былтыр пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған салық мөлшерлемесін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайту нормасы қабылданды.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 2020 жылдың қаңтарынан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингілеу жөнінде пилоттық жоба іске қосылды. 2020 жылғы желтоқсандағы жай-күй бойынша аталған өңірлердегі пилоттық жоба аяқталды. Ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша пилоттық өңірлерде 8,3 млн гектар анықталды, бұл негізінен 7,6 млн гектар жайылым, 0,7 млн гектар егістік жерлер. Оның ішінде 2,2 млн гектар ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылып, 2,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Министрдің айтуынша, биылдан бастап жерді ғарыштан бақылау еліміздің барлық өңірінде қолданылуда.
Сондай-ақ ведомства басшысы қоғамда жерге қатысты қызу талқыланып жатқан пікірдің басын тағы бір қайырды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге және шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға жалға берілмейді. Бұған заң жүзінде тыйым салынған.