Жыл соңына дейін QazVac вакцинасының 2 млн данасы әзірленеді
Отандық QazVac вакцинасы – вирусқа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыратыны дәлелденіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енген санаулы вакциналардың бірі. Осылайша Қазақстан өз вакцинасын жасап шығарған әлемдегі 10 елдің қатарына кірді. Өз кезегінде «СҚ Фармация» компаниясы мен Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі институт жыл соңына дейін отандық вакцинаның 2 млн данасын әзірлеуге қатысты келісімге қол қойды. Алдағы уақытта препараттың ай сайын 500-600 мың дозасын дайындау жоспарланып отыр.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
- Алдымен Биологиялық қауіпсіздік институтында шығарылған 50 мың доза келді. Енді Үкімет деңгейінде және мемлекеттік органдармен бірге басқа да өндірістік алаңдардың мәселелері шешілуде.
Бүгінде вакцинаның 6 мың дозасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына жеткізілді. Ал 4 мың дозадан Шымкент, Қарағанды қалалары, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына енді жеткізілуі керек.
Отандық вакцинаның ерекшелігі сол, оны жеткізу процесі күрделі тоңазытқыш қондырғыларын қажет етпейді әрі вакцинаны 2-8 градус температурада тасымалдауға болады. Вакциналау 21 күн аралықпен екі рет жүргізіледі. Сонымен қатар екпені әзірлеушілер QazVac вирустың барлық мутацияланған түріне қарсы тұра алатынын айтады.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған соңғы деректеріне сәйкес, бүгінгі күнге дейін 893 633 қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе алған. Оның ішінде екінші дозасын 165 997 азамат салдырды.