2 жылда қайтарылған заңсыз активтер - 850 млрд теңге

2 жылда қайтарылған заңсыз активтер - 850 млрд теңге

Прокурорлар 850 млрд теңгенің активтерін елге қайтарды. Бұл қаражат өңірлерде 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысан салуға жұмсалады. Бүгінде 60 ғимараттың құрылысы аяқталған. Бұл жайында Мемлекет басшысының қабылдауында Бас прокурор мәлімдеді. Берік Асылов қоғамда резонанс тудырған және мемлекет мүддесіне, сондай-ақ азаптауға қатысты аса маңызды қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысы жөнінде есеп берген. Биыл арнайы прокурорлар сотқа 55 қылмыстық іс жолдап, соның негізінде 112 адам сотталған. Тағы 80 іс соттардың қарауында жатыр. Нәтижесінде, жалпы сомасы 14,4 млрд теңге залал өтелген. Ал, қылмыстық жолмен тапқан кірістерге қатысты істер бойынша 105 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салыныпты. Соның 12 млрд теңгесі тек есірткі саудасынан алынған. Айта кетейік, Президенттің Жолдауын жүзеге асыру мақсатында және бизнесті белсенді қолдау үшін Бас прокуратураға қарасты ведомствоның атауы өзгермек. Мемлекет басшысы құқық қорғау және мемлекеттік органдардың алаяқтыққа, есірткі саудасына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге қарсы іс-қимылын, бизнесті негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермеу жұмыстарын тиімді үйлестіру маңызды екенін атап өтті.