2020 жылы Қазақстанда 2 мыңнан аса жаңа шетелдік компания жұмысын бастады
Қазақстанда өткен жылы жалпы құны 1 млрд доллардан асатын 25 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында көлік құрылысы, техникалық газ бен құрама мал азығын өндіруге арналған кәсіпорындар бар. Жалпы былтыр елімізде шетелдік капиталдың қатысуымен іске қосылған компаниялардың үлесі 11 процентке артқан. Бүгінгі таңда олардың саны 22 мыңнан асып жығылады.
Айта кетейік, Қазақстан сырттан инвестиция тарту бойынша аймақ елдері арасында көш бастап келеді. Тек соңғы 5 жылдың өзінде ел экономикасына 21 млрд, ал жалпы тәуелсіздік жылдары 350 млрд АҚШ доллар шамасында инвестиция құйылған.
Сарапшылардың айтуынша, республикада ол үшін барлық жағдай жасалған. Дағдарысқа қарсы үкімет тиімді шаралар қабылдап, шетелдік инвесторлар үшін қаржы салуға қолайлы ахуал қалыптасқан.
АРМАН БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:
- Бұған қоса, Қазақстанда осы орайда бекітілген тұрақты саясат қалыптасқан. Бұл да инвесторларға жеке қаржысын еш алаңдамай құю үшін сенім ұялатады. Екіншіден, бізде инвестиция тартуға қатысты ұзақ мерзімді бағдарламалар қабылданған. Сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, инвестиция салған компания корпоративті табыс және жылжымайтын мүлік салықтарын өтеуден босатылады. Енді осыған қатысты қолайлы жағдайды бізде құрылған Халықаралық қаржы орталығы ұсынып отыр. Олар инвестиция тартуға тиімді жағдайлар жасап отыр.
Жаһандық пандемия мен қатаң шектеу шаралары 2020 жылы халықаралық қаржы орталығына шетелдік инвесторларды тартуға еш кедергі болмаған. Мәселен, пандемияға дейін елде олардың саны 420 болса, бүгінде үлестері біршама артып 659-ға дейін жеткен. Қаржы орталығының қатысушылары жалпы есепте ел қазынасын 6 млрд теңгеге толықтырған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов