2021 жыл қандай айтулы мәдени іс-шаралармен толығады?
Мерейтойлық кештер, ірі көрмелер, тарихи қойылымдар және мерекелік концерттер мен кино байқаулары. 2021 жыл танымдық оқиғалар мен мәдени шараларға толы болмақ. Сала мамандарының айтуынша, басты іс-шаралар Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналатын болады. Егемендікті ұлықтау үшін еліміздің барлық өңірлерінде алқалы жиындар, конференциялар ұйымдастырылып, кешенді мәдени бағдарламалар жиыны ұсынылады. Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай және өзгеде елге елеулі есімдердің құрметіне ауқымды шаралар көзделген.
ҒАНИ МҰРАТОВ, ҚР МСМ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Абай жылында ойшылды ұлықтау шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биыл ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың мерейтойы да лайықты дәрежеде өтуі үшін арнайы жоспар құрылды. Бұндай аса танымал тұлғалармен қатар, елге еңбегі сінген мәдениет, мемлекет және қоғам қайраткерлері осы жылы мерейтойларын атап өтеді. Оған лайық есімдер жетіп асады. Мәселен, биыл композитор Қанап Мусинннің дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Жалпы ұлттық саз әлемінің дамуына үлкен үлестерін қосқан Сыдық Мұхамеджанов, Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов сынды тұлғалар көп. Мерейтой иелерінің құрметіне көптеген іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.
Биыл отандық кино саласының дамуы үшін де аса табысты жыл болмақ. Мемлекет басшысының тапсырысымен еліміздің бас көркем өнер өндірісінің ордасы жаңғыртылады. «Қазақфильм» заманауи техникалық құралдармен жабдықталатын болады. Сондай-ақ Алтын адамның әлем елдеріне шеруі осы жылы мәресіне жетеді. Бұл қазақстандық жоба жер-жаһанды шарлап, шетел қауымының қызығушылығын тудырғанын атап өту керек.