2025 жылы цифрлық теңге толық қолданысқа енеді

2025 жылы цифрлық теңге толық қолданысқа енеді

Интернетсіз транзакциялар жасауға болады. Цифрлық теңге бұған мүмкіндік береді. Еліміздің Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы - Бинұр Жәленов қазақстандық валютаның қолма-қол және қолма-қол емес түрлеріне қосымша жасалған үшінші үлгісінің артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық банк қаржылық операцияларды жүргізген кезде транзакциялардың қауіпсіздігі және ақшаның сақталуына кепілдік береді. Сандық есеп айырысу инфрақұрылымы заманауи технологияларға негізделген. Аударымдар толық бақыланады. Дәстүрлі қолма-қол төлемдердің бұндай мүмкіндік бермейтіні белгілі. «Ақылды ақша» мемлекеттік қаржыны жұмсау тиімділігін арттыруда да  маңызы зор. Бюджеттік цифрлық теңгенің арнай белгісі болады. Ұлттық валютаның жаңа түрі түрлі POS-терминалдар, QR код, банктік қосымшалар, биометрика сынды қаржылық қызметтер арқылы қолжетімді болады. 

Бинұр Жәленов,  Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы:
- Цифрлық теңгенің технологиясы 3G байланысы болмаған жағдайдада толықтай офлайн режимде жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Яғни интернет болмаған кезде қаржылық операцияларды жасай беруге болады. Ұлттық валюта блкчейн технологиясы негізінде жасалды. Бұл цифрлық теңге тұғырнамасын кез-келген заманауи технологиялармен біріктіруге болады. Осылайша орталықтандырылған төлем жасау үшін дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер жүйелерінің арасында «көпір» құрылады.

Бүгінде цифрлық теңге пилоттық режимде жүзеге асырылуда.  Келесі жылы жобаның ауқымы кеңейе түседі деп күтілуде. Осы мақсатта сервистерді кеңейту арқылы жаңа қатысушыларды қосу жоспарлануда. Жалпы алғанда цифрлық теңгені енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.