Америкалық агенттік Орталық Азияда жаңа жобаны іске қосады
19 млн доллар. Орталық Азия аумағында сауда бойынша жаңадан қолға алынатын жобаның бюджеті осындай. «Оны америкалық халықаралық даму агенттігі іске қосады», – деп хабарлайды АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі. Бұл – аймақтағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдеріне тікелей қатысты ынтымақтастық бағдарламасы. Осының аясында USAID алдағы 5 жыл ішінде бұл елдерге мемлекеттік және жеке секторларда техникалық тұрғыда жан-жақты қолдау көрсететін болады. Жаңа бағдарлама негізінен өңірдегі кедендік және шекаралық бақылау рәсімдерін үйлестіруге бағытталмақ. Ал бұл өз кезегінде оған жұмсалатын қаржы және уақыт шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Орталық Азия аймағының экономикалық өркендеуін ынталандыратын болады. Бұдан басқа жаңа келісімдер трансшекаралық сауда көлемін ұлғайтуға серпін береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов