220 мың тонна қант қызылшасы жиналды

220 мың тонна қант қызылшасы жиналды

Қант қызылшасын жинау науқаны толық аяқталды. Биыл Жамбыл облысында 6,6 мың гектар алқаптан 220 мың тоннадан астам өнім жиналып, тәтті түбір толықтай «Меркі қант» зауытына өткізілген. Жалпы соңғы жылдардағы жоғары өнімділік – өңірдегі агро әлеуетті айтарлықтай дамытып отыр.

 

Жамбылдағы егін жинау жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айының алғашқы 10 күндігінде басталған. Екі ай уақытта барлығы 6,6 мың гектар алқаптағы қант қызылшаларын жинау жұмыстары толық аяқталды. Егіс алқаптарын орналастыру барысында өңірдегі  «Меркі қант» зауытының қуаттылығы да ескерілді. Шаруалар тарапынан да ешқандай шығынға ұшырау деректері де жоқ дейді мамандар.


Балаби Сабыр, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:


- 2024 жылы ауа райы қолайлы болуына байланысты өнімділік артып, облыс бойынша 600 мың тоннадан астам өнім қалыптасқан. Бүгінгі күнге ешқандай шығынсыз биылғы өнімді жинап алдық.


Биыл бір ғана Меркі ауданы бойынша 2699 гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Әр гектардан 45–50 центнер өнім алынды. Өткен 2024 жылы ауа райының қолайлылығы мен агротехникалық шаралардың дұрыс жүргізілуінің арқасында 3771 гектар жерге қант қызылшасы егілген. Орташа өнімділік гектарына 50–55 центнерді құрады.


Нұржан Қарғабаев, Меркі қант зауытының директоры:

- Жұмыс уақыты ертеңгі 8 ден – түнгі 12:00 ге дейін істейді. Биыл кемінде 250000 тоннадан артық өнім алуды жоспарлап отырмыз. Қазір 300 адам жұмыс істеп жатыр.

Келер жылы өңірде қант қызылшасын өңдейтін екі негізгі кәсіпорын жұмыс істейтін болады. 2026 жылы Тараз қант зауыты қайтадан іске қосылады. Оның жылдық өңдеу қуаттылығы 250 мың тоннаны құрайды. Сол екі кәсіпорынға қажетті 550 мың тонна шикізатты қамтамасыз ету үшін алдағы жылы Жамбылдағы тәтті түбірдің егіс алқабы 11 мың гектарға дейін ұлғайтылады.