3 жаңа жылу электр орталығы салынады

3 жаңа жылу электр орталығы салынады

Елдегі 37 жылу электр орталығының 30-ы ескі. Кемі 50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Демек, стансалардың 81 пайызы жаңартуды қажет етеді деген сөз. Бірақ бұл - олар жарамсыз деген сөз емес. Жарымы болған соң тек жыл сайын қосалқы бөлшектерін ауыстырып, кем-кетігі толтырылып отыр. Мәселен, биыл электр станцияларында 10 энергия блогы, 63 энергетикалық қазандық пен 39 турбинаға күрделі жөндеу жоспарланған. Оның 3 энергия блогы, 9 қазандық пен 5 турбинасы қазірден бастап ретке келтірілуде. Ал 7 энергия блогы, 52 қазандық пен 32 турбина толық жөндеуден өтті. Осылай жамап-жасқап жүргенде «Кентау Сервис» стансасының 50 пайызы жаңартылып қойыпты. Бұрын қазандықтың тозу деңгейі 83 пайыз болса, қазір 37 пайыз. Екібастұздағы орталықтың да тозу көрсеткіші 62-ден 48 пайызға, Риддердегі қазандық 75-тен 46 пайызға, ал Степногорск орталығы 83-тен 62 пайызға төмендеген. Қазір Үкімет 3 жаңа жылу электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Олар Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында.