Қазақстандық аспаздар мен француз асханасының үздік дәстүрлері

Қазақстандық аспаздар француз асханасының үздік дәстүрлерімен жақынырақ таныса алады. Ол үшін Париждегі тағам дайындаудың хас шеберлері елімізге келіп, арнайы ұйымдастырылған шеберлік сағаттарында гастрономияның басты құпияларын ашады. Бұған Эскофье ізбасарларының халықаралық қауымдастығы мұрындық болмақ. Бұдан басқа, аспаз мамандығында білім алып жатқан отандық студенттер Бесінші республикада академиялық ұтқырлық бойынша тағылымдамадан өте алады. Айта кетейік, Қазақстанда DISCIPLES ESCOFFIER өкілдігінің ресми ашылуы өтеді. Осылайша, біздің еліміз осы ұйымға кірген 38-ші мемлекет болады. Бүгінде оның құрамында 10 мың таңдаулы аспаз бар. Қауымдастыққа мүше ас шеберлерінің 80%-і Мишлен жұлдызының иегерлері. Енді олардың қатарына қазақстандық гастрономияның жеті ас шебері іріктеліп алынады.

Кристиан Эулин, Disciples Escoffier халықаралық қауымдастығының бас хатшысы:

-Біздің басты мақсатымыз – Огюст Эскофьенің мұрасын қазіргі жастарға жеткізу. Атап айтсақ, аспаздар, наубайшылар және кондитерлердің кәсіби біліктілігін арттыру. Сонымен қатар, осы аталған мамандықтардың мәртебесін де арттыру үшін қызмет етіп келеміз. Ал қазір біз әлемге әйгілі француз асханасының барлық дәстүрлерін пайдалана отыра қазақ асханасы туралы да жер-жаһанға жар салмақпыз. Өзім қазір дәмін көргендіктен, қазақ тағамдары ең жоғары бағаға лайық деп айта аламын.