60 жыл бұрын қазақ жерінен алғаш рет адам ғарышқа аттанды

Бүгін әлемде ғарышкерлер күні тойлануда. Осыдан тура 60 жыл бұрын, 1961 жылдың 12 сәуірінде қазақ жерінен алғаш рет адам ғарышқа аттанды. Осы уақыт ішінде бір жарым мыңнан астам ғарышкер ғарыш әлеміне сапарлағанына қарамастан, адамзат тарихында Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа жол салды. Осылайша қазақ жері «космонавтиканың отаны» атанды.

Айтулы оқиғаға орай Нұр-Сұлтандағы Тұңғыш Президент – Елбасы музейінде «Адамға табын, жер, енді!» атты бірегей көрме ашылды. Экспозиция үш тақырыптық бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы Қазақстанның өткеніне саяхат жасауға мүмкіндік берсе, екіншісі «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихына арналған. Үшіншісі ғарыш тарихы мен алғашқы қазақстандық және әлемдік ғарышты бағындырғандардың ерлігі туралы баяндайды.

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының директоры:

- Бұл көрмеде біздің дәуірімізге дейінгі III-IV мыңжылдықтан бастап бүгінгі күнге дейінгі жеріміздің даму тарихын баяндайтын экспонаттар ұсынылған. Осылайша көрермендер, біздің көрмеге келушілер адамның аспанға қалай жақындай түскенін кезең-кезеңімен көре алады. Дәл осы Қазақстан жерінен 60 жыл бұрын Юрий Гагарин ғарышқа аттанып, адамзат тарихында жаңа дәуірге жол ашты. Сондықтан бүгінгі оқиғаның мәні мен тарихын біз өз көрермендерімізге, қонақтарымызға жеткізе аламыз деп ойлаймын.

Көрме мерекелік атмосфераға енуге мүмкіндік береді. Мұнда тек көзбен көріп қана қоймай, бірегей экспонаттарды, оның ішінде жердің жасанды серіктерінің макеттерін, алғашқы ғарышкерлердің костюмдерін қолмен ұстап көруге болады. Сондай-ақ залға бейне инсталляциялар, картиналар, кітаптар, фотосуреттер, эксклюзивті монеталар мен археологиялық ескерткіштер қойылған.

Жанар Іспердинова, экскурсовод:

- Көрмеге келген көрермен, ең алдымен, тарихпен жақынырақ танысады. Мұнда олар бірегей экспонаттармен, содан кейін екінші бөлімде «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихымен танысады. Қазір біз күмбезді, резиденциямыздың ең әдемі залында тұрмыз. Міне, дәл осы жерде «Жер. Алғашқылардың уақыты» атты көрменің үшінші бөлімі қойылған. Ол Қазақстанның ғарыш тарихы мен еліміздің ғарышты игеруіне тікелей арналған.