АЭС – білім мен ғылым дамуына кепіл
АЭС елдің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін өсіреді. Өйткені атом электр станциясының жұмыс істеу кезеңінде орта есеппен 2000-ға жуық маман қажет. Қазір Қазақстандық 7 жоғары оқу орны бұл салаға кадр әзірлейді. Түлектердің дені шет елдерде жұмыс істейді. Сондықтан елде АЭС салынса, кадр тапшылығы болмайды дейді сарапшылар. Оның үстіне жаңа бағыттағы білікті мамандар легі көбеймек.
Қазақстан уран өндіруден бөлек атом электр станцияларына арналған дайын отын шығарады. Яғни, бұл процестің бас-аяғына жауапты мамандар қашан да қажет. Одан бөлек «Токомак» ядролық синтез реакторының алғашқы прототипін де біздің ғалымдар құрастырып шықты. Объект 25 жыл бойы еш апатсыз жұмыс істеп тұр. Демек тәжірибеміз бар.
Нұрлан Амангелді, қауымдастырылған профессор:
– Түрлі лицензиямыз бар. Біздің оқыту әдісіміз дүниежүзілік стандарттарға сай. Бітірген студенттеріміз шет елдерде білімін шыңдайды. Мысалы, көбі мына Түркияның Ақкөй стансасына кетті.
Елімізде атом саласына 2010 жылдан бері 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор дайындалған. Бірақ бұл алып АЭС-ті дөңгелетіп әкететін дайын құрама емес. Әрине шет елдік мамандардың тәжірибесіне жүгінген жөн. Станция қызметіне 2000 адам жауапты болса, оның әрбір екінші не үшіншісі қазақстандық болары анық. Ал білікті маман әзірлеу ары кетсе он жылдың еншісінде. Бұл бір ғана АЭС бүтін бір ұлттың ғылыми әлеуетін көтереді деген сөз.
Айдар Морзабаев, профессор:
– Радиофобиядан айрылатын уақыт келді. Біздің қоғам атомның атын естісе әлі де шошиды. Әрине өткен ғасыр еншісінде қалған қайғылы оқиғаларды ұмыту қиын. Бірақ бұл жаңа технология. Күллі әлем мойындап отыр. АЭС әуелі жастар үшін қажет. Ғалам қашан да ғалымдарға тәуелді. Яғни бізге білім беруді күшейту керек.
Қазірдің өзінде отандық оқу орындарының түлектері атақты компанияларда тәжірибеден өтіп тұрады. Әсіресе Жапониядағы қос ядролық орталық жыл сайын жүздеген жас ғалымның зейінін ашуда. Оқығанын ұғындыру үшін реакторды көзімен көрсетіп, заманауи технологиялармен бөліседі.
Айта кетейік, бұл саланы таңдаушылар үшін жыл сайын гранд саны көбейіп келеді. Әсіресе ядролық физиканы меңгергісі келетіндерге көмек көп.
Айсұлу Нығманова, ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар халықаралық кафедрасының PhD докторы:
– Ядролық физиканың өзге мамандықтардан ерекшелігі бес жыл оқытылады. Төрт жыл осы университет қабырғасында, қалған бір жыл Дубна қаласында білімін шыңдайды. Яғни қос диплом иегері атанады. Ол жақтан да, біз жақтан да.
Жалпы экономика мен энергетика егіз ұқым. Қуат көзі жеткілікті болғанда ғана қазына қаржысы көбейеді. Білім мен ғылым өркендейді. Сондықтан АЭС өнеркәсіпті дамытып, елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады
Сонымен қатар, станция орналасқан ауданның инфрақұрылымын дамыту да әлемдік практикада жиі кездеседі. Негізгі нысан жолдар, темір жолдар, мектеп, ауруханалар мен тұрғын үйлер салуға ықпал етеді.