Ақтау қаласының тұрғыны жасыл желектерді суарудың балама әдісін ойлап тапты

Ақтауда жасыл желектерді суарудың балама әдісі ойлап табылды. Осы мақсатта кондиционер суын пайдалану көзделіп отыр. Осындай ерекше әдістің авторы – қала тұрғыны Алексей Жұбанов. Ол бір көрінгенде қиын емес көрінетін құрылымды жинап шыға алған. Құрылым бірнеше элементтен тұрады. Алексей сплит жүйесінен шыққан түтікшелерге пластикалық құбыр жалғаған. Осылайша одан аққан су арнайы ыдысқа жиналады. Алексей Жұбанов алғаш рет кондицонер суын тиімді пайдалануға болатынын шетелде оқып жүргенде көрген екен.

Алексей Жұбанов, қала тұрғыны:

- Малайзияда үй сыртында кондиционерлердің шығып тұрғанын көрген емеспін. Бірақ ғимарат ішіне кірген кезде бәрінде бірдей сплит-жүйелері бар екенін байқадым. Бұл елде үйдің қасбетін сақтау үшін жасалады екен. Біздің де құрылысшыларымыз осыған назар аударса екен дейміз. Салқындатқыш құрылғыларына арналған арнайы орын қалдырып отырса, жақсы болар еді. Ал онда жиналған суды суару үшін қолдануға болады. 

«Жобаның тиімді тұстары көп», – дейді автор. Біріншіден, түнімен терезе алдындағы тақтайшаға су тамшылап, мазаны алмайды, іргетасқа су сіңбейді, газ құбырын шірітпейді. Көршілерді де су дыбысы мазаламайды. Ал барлық жиналған суды кейін тұрғындар жасыл желекті суаруға қолдана алады.

Тұрағұл Сатаев, қала тұрғыны:

- Бұл жүйе өте пайдалы. Кондиционер 5-6 күнде толып қалады. Бізге оны қалай пайдалануға болатынын түсіндірді. Кран орнатылған қалқанның кілттерін берді. Құбыршегі де қарастырылған. Енді біз өзіміз суарамыз.

«Конденсаттың өсімдіктер үшін зияны жоқ», – дейді жергілікті ботаникалық бақтың мамандары. Әзірлеуші бөшкелер суға толып қалып жатса, арнайы механизм жұмысын да іске қосқан.