Алдағы бес жылда Қазақстанның әр үйіне кең жолақты интернет жетеді

Ал 95%-ті оптикалық желіге қосылады. Осы аралықта елдің ірі шаһарлары мен облыс орталықтарындағы 5G мобильдік технологиясының үлесі 75%-ке дейін артады. Бұл мақсаттар 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасында көзделген. Құжатты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеп жатыр. Онда үй шаруашылығынан бастап әлеуметтік-экономикалық және өндірістік нысандар толық қамтылған. Тіпті, жолға шыққан азаматтарды да ғаламтордан үзбеу жағы қарастырылып қойылған. Ол үшін республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойында талшықты желілер тарту жоспарланған. Нәтижесінде, тегістей яғни 100% интернет және ұялы байланыспен қамтылатын болады. Бұның бәрін іске асыру үшін жоба аясында 3 жарым мыңнан астам базалық станция салу межеленген. Бұған ынталандыру қамында  операторларды субсидиялау, яғни шығындарын өтеу үшін арнайы гранттар берілетін болады. Жалпы елімізде дәл қазіргі уақытта интернетті қолданатын адамдар саны 90 проценттен асып жығылады.