Әлихан Бөкейхан туралы жаңа кітап жарыққа шығады
Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан туралы кітап жарық көреді. Авторы – орыс ғалымы, тарихшы Виктор Козодой. Оның айтуынша, монографияға «Алаш Орда» көшбасшыларының бірі туралы бұрын еш жерде жарияланбаған тың мәліметтер енген. Туынды әзірге мың данамен басып шығарылмақ.
Виктор Козодой, тарихшы /Ресей/:
- Ол шын мәнінде Қазақстан үшін де, Ресей үшін де өте маңызды рөл атқарды. Өз еңбегімде оның бір елдің ғана емес, сол дәуірдегі тұтас империя, жалпыұлттық деңгейдегі саясаткер екенін көрсетемін. Сондай-ақ ол – XX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихында айқындаушы рөлдердің бірін атқарған тұлға.
Айта кету керек, бұл қазақтың ірі тарихи әрі саяси қайраткерінің өміріне арналған тұтас ғылыми еңбек болғанымен, әрбір оқырманға түсінікті тілмен жазылған. Туынды авторы Әлихан Бөкейхан туралы мағлұмат жинау үшін Павлодардың С. Торайғыров атындағы орталық кітапханасының қорын пайдаланған. Сонымен қатар Алматы, Семей, Павлодар, Томск, Омбы, Самара, Орынбор, Новосібір архивтерінде де жұмыс істеген. Осылайша, ғалым бұл еңбектің тарихшылар үшін пайдалы құрал болатынына сенімді.
Әсемгүл Рамазанқызы, С. Торайғыров атындағы орталық кітапхананың бөлім басшысы:
- Виктор Иванович Козодой біздің кітапханаға оқырман ретінде 1919 жылы 28 қарашада тіркелді. Сол уақытта Әлихан Бөкейханды зерттеумен айналысып жүрген. Кітапханашылар бар ақпаратты жайып салғаннан кейін, бірнеше күн келіп, осында оқып, ғылыми зерттеу жүргізді.
Кітаптың тұсаукесерін қазан айында Қазақстанның үш қаласында өткізу жоспарланған. Алаш ардақтысы туралы туынды Тәуелсіздік күні қарсаңында барша қазақ жұртына үлкен сый болмақ.