Қазақстанда инженерлік желілердің 70% жуығы цифрландырылды
Елімізде инфрақұрылымдық деректерді цифрландыру жұмысы жалғасуда. Ол мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлы қорын қалыптастыру аясында атқарылып келеді. Бұл туралы ҚР ИИДМ мәлімдеді. Қор жыл сайын елдімекендердегі құрылыс аумақтарындағы инженерлік инфрақұрылымның деректерімен толықтырылып отырады. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инженерлік желілердің 70%-ке жуығы цифрландырылды. Ал, 2021 жылы аталған көрсеткіш 63% деңгейінде ғана болған. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен өңірлердегі 80 мың гектардан артық құрылыс аумағын түгендеу жоспарда бар. Осылайша, 2023 жылдың соңына қарай инженерлік желілердің 88%-і цифрландырылуы мүмкін. Жалпы елдімекендердің инфрақұрылымдық деректерін толық цифрландыруды 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген.