АӨК: елімізде 22 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

АӨК: елімізде 22 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне рекордтық деңгейде қаржы құйылды. Биылғы 11 айда салаға шамамен 660 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл былтырдың сәйкес кезеңінен 40,5% көп. Үкімет отырысында маңызды сектордың әлеуеті жайында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады. Оның айтуынша, агоөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының аясында жалпы құны 4 трлн 400 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар легі жасалды. Қаржының жартысына жуығы, яғни 2 трлн теңге ел аумағында ет өндіруге және жылыжай салуға бағытталған. Сондай-ақ бұл сома бордақылау алаңдарын, репродуктор мен мал сою цехтарын және ет өңдеу зауыттарын дамытуға жұмсалды.

Сүтті мал шаруашылығына келетін болсақ, бұл бағытқа 452 млрд теңгенің 186 жобасы инвестицияланады. Сондай-ақ болашақта 47 құс фабрикасын ашу, өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 73 жобаны қолданысқа беру жоспарлануда. Сонымен қатар 5 жылдың ішінде қантпен қамтамасыз етуді 80% дейін жеткізу көзделген. Оны жүзеге асыру үшін 228 млрд теңге бөлінеді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бекітілген Жол карталарына сәйкес, 2021 жылға 263 млрд теңге сомасына жоспарланған 285 жобаның ішінен ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 241 млрд теңге сомасына 268 жоба пайдалануға берілді, әкімдіктердің ақпараты бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 22 млрд теңге сомасына 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Іске асырылған жобалар бойынша көш басында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары тұр. Сондай-ақ 2021 жылғы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша орындалу деңгейі шамамен 94% құрайтынын атап өткім келеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов