Apple тауарларының өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіріп жатыр
Apple компаниясы өз тауарларының өндірісін Қытайдан Үндістанға шұғыл көшіріп жатыр. Бұл туралы қытайлық ақпарат құралдары хабарлады. Америкалық компания қазір iPhone құрылғыларының 20%-ын немесе әрбір бесінші телефонды Үндістанда шығарады. Мұндай бағыт пандемия кезінде Қытайдағы қатаң шектеулерге байланысты туындаған өндірістік үзілістен кейін басталған. Еске салайық, 11-ші сәуірде Трамп әкімшілігі бірқатар электроника өнімдерін кедендік баж салығынан босату туралы шешім қабылдады. Бұл смартфондар мен компьютерлерге де қатысты. Алайда шешім Қытайға бағытталған негізгі тарифтерге әсер етпейді — қазір бұл елге салынған жиынтық баж салығы 145%-ке жеткен. Атап өтетін жайт, қазіргі кезде Үндістанда өндірілген iPhone құрылғыларына АҚШ-та ешқандай қосымша салық салынбайды.

