Астана мен Мәскеу арасындағы бауырластыққа биыл – 25 жыл
Астана мен Мәскеу арасындағы бауырластыққа биыл – 25 жыл. Осы уақыт ішінде екі астана арасындағы әріптестік ресми келісімдермен ғана шектелмей, нақты жобалар мен тұрақты диалогқа ұласқан. Айтулы дата қарсаңында елордада қос қаланың мерейтойы аталып өтті. Толығырақ тілші тарқатады.
Залда жаңғырған шапалақ үні Астана мен Мәскеу арасындағы
ширек ғасырлық ынтымақтастықтың нәтижесін айқындап тұрғандай. Осы жылдар ішінде
екі мегаполис арасындағы байланыс жан-жақты дамып, экономикалық және
гуманитарлық бағыттарды қамтыды. Мәскеу Үкіметінің Министрі Сергей Черёминнің
айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Ресей қалалары арасында іскерлік байланыстармен
қатар, ортақ болашаққа бағытталған бастамалар да бар.
Сергей Черёмин, Мәскеу Үкіметінің министрі:
- Біз қалаларымызда жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды басты мақсат етіп отырмыз. Болашақ ұрпақтың мүддесін ойлай отырып, Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні муниципалдық салаларда қолдану мәселесін талқылап жатырмыз.
Мерекелік жиынға екі елдің мемлекеттік орган өкілдері,
кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым мүшелері келді. Туризм, бизнес, мәдениет, білім
беру, қала құрылысы сынды көптеген салада бірлескен жобаларды жүзеге асырған
азаматтар марапатталды. Бұл – Астана мен Мәскеудің 25 жыл бойы серіктестікті
нақты істермен бекітіп келе жатқанын көрсетеді.
Мирас Әбдірахман, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы
басшысының орынбасары:
- Сауда-экономикалық, әлеуметтік, мәдениет, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларындағы байланыс жыл сайын нығайып келеді. Көршілес, одақтас елдер ретінде қарым-қатынасымыз тығыз, өзара ықпалдастық терең.
Бұл әріптестіктің берік негізі мемлекетаралық деңгейде де
бағаланып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған сапарында
Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық
әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеретін декларацияға қол қойылды. Құжат
екі ел арасында ғана емес, Астана мен Мәскеу арасындағы қалалық ынтымақтастыққа
да жаңа серпін берді.

