Астанада Ботай мәдениетіне арналған көрме ашылды

Астанада Ботай мәдениетіне арналған көрме ашылды

Астанада қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының рухани-мәдени құндылықтарының біріне арналған көрме ашылды. Онда Ботай мәдениетінің тұрмыстық салты көрсетілген.

 

Неолит кезеңінің аяғына жататын бұл кезеңде өмір сүрген адамдардың өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігі мен Елордадағы Президент орталығы ұсынды. Экспозиция өзінің жанрлық әралуандығымен тәнті етеді.

Бұл жерде қазақстандық және шетелдік суретшілердің 50 тарта жұмысын тамашалауға болады. Оған қоса, еліміздің солтүстігінде 1980 жылы профессор Виктор Зайберт бастаған археологиялық топ тапқан ескерткіші жайлы фото және бейнематериалдар да ұсынылды.

Құнды артефакттардан бөлек, сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдары да көрме төрінен орын тапты. Сонымен қатар, ежелгі өндіріс алаңдарының реконструкциясы бейнеленген интерактивті орын да жасалды.

Айта кетсек, «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі «Қазақстан жолы» атты мәдени-танымдық жобасының бөлігі ретінде өткізілуде. Оның мақсаты – еліміздің тарихи құндылықтарын дәріптеу.

Қала тұрғындары мен қонақтары бірегей көрмені 11 наурызға дейін қызықтай алады.