Елордада халық әртісі Б.Римованың 100 жылдығына арналған көрме ашылды
Ғұмырының 60 жылын театрға арнаған сахна саңлағы, отандық кино жауһары 200-ден астам әйел бейнесін шебер сомдап шыққаны белгілі. Сондықтан көпке өнеге болар мұрасы аз емес. Тағылымды шығармашылығы мен өмірінен сыр шертетін сахналық киімдері, фотосуреттер, жеке заттары Ұлттық музей төрінен орын тепті. Қолының табы тиген әшекей бұйымдары, белбеуі мен әмияны, өзі жазған кітаптар мен тоқыған киім үлгілері көптің назарына ұсынылды. Барлығы 100-ге тарта экспонат Жетісу облысының Бикен Римова атындағы драма театры және М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қорынан алынған. Көрме ақпан айының соңына дейін жалғасады.
Күләш Исабекова, Жетісу облысының М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары:
- Көрме экспозициясында өзінің өмірге келгеннен бастап өнердегі шығармашылығы, қызметіне берілген марапаттары және ізбасарлары мен шәкірттеріне дейін қамтылған. Әрі қарайда жалғасын табады. Облыстардан ұсыныстар түсіп жатыр. Соның ең үлкені Түркісой ұйымы, Түркия елінде де ұйымдастырылады. Қорытынды көрме өзінің туған жері Жетісу өңірінде облыстық музейде ұйымдастырылады.