«Астана Операда» премьера: «Махаббат сусыны» операсы
Екі аптаның ішінде жазылып, екі ғасырға жуық көрерменін баурап келетін әлемдік опера жауһары Елордада салтанат құрды. «Астана Опера» театрында есімі жер-жаһанға мәшһүр сазгер Гаэтано Доницеттидің екі актілі «Махаббат сусыны» комедиялық туындысы сахналанды.
Әзілмен өрілген оқиға желісі ауқатты отбасы қызына ессіз ғашық болған кедей жігіт жайында баяндайды. Бас кейіпкер тәуіптен махаббат дертінен айықтыратын эликсир сатып алады. Сиқырлы сусын бар болғаны бір шөлмек шарап болып шықты. Десе де оның буына қызынған Неморино сүйгені Адинаның жүрегін жаулап алады. Ескірмейтін шығарманың мән-маңызын жоймай, заманауи мәнерде әрлеу үшін әйгілі сценограф Эцио Фриджерио мен «Оскар» иегері костюмдік суретші Франко Скуарчапмно шақыртылды. Қоюшы режиссері француздық Арно Бернар болды. Оның көзімен опера сахнадағы киноға айналды, дейді сала майталмандары.
АРНО БЕРНАР, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР /ФРАНЦИЯ/:
- Аталмыш классикалық қойылым кинематографиялық мәнерде жасалғанымен, композитордың ойын дәл жеткізеді. Сазгердің қуатты әуені талап ететіндей деңгейде құрылды. Қазір кино және телевидение дәуірі. Сондықтан біз ескі мәнердегі қимылсыз көріністер жасамауымыз керек. Репертуар қызық, қуанышқа толы. Адамның көңілін, ішкі жан-дүниесі мен мінезін қимылсыз көрсету мүмкін емес. Бұл керемет театрдың оған қажетті техникалық мүмкіндіктері, шығармашылық ұжымы бар екеніне көзім жетті.
ЖАН ТАПИН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСТІ:
- «Астана Опера» театрында көп жаңа қойылымға қатысып жатырмын ғой. Бірақ бұл – ерекше болған спектакль. Музыка жағынан, әуен жағынан, режессура, драматургия жағынан көзіміз жақсы ашылды деп ойлаймын. Өйткені режиссер Арно Бернар – Еуропа және дүниежүзіне атақты режиссер.