Астанада Innoprom халықаралық көрмесі өтуде

Астанада Innoprom халықаралық көрмесі өтуде

Қазақстан мен Ресей өзара өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық ынтымақтастық әлеуетін кеңейтеді. Тараптар жалпы құны 16 млрд доллардың 40-қа тарта бірлескен жобасын іске қосуды көздеп отыр. Бұл туралы Астанада Иннопром көрмесі барысында белгілі болды. Биыл жиын ЕАЭО елдері үкімет басшыларының қатысуымен өтіп жатыр. Айта кетейік, премьер-министрлер алдымен халықаралық экспозициямен танысты. Көрмеде одаққа мүше елдердің 300-ден астам компаниясы медициналық жабдықтар, химия мен металлургия, IT өнімдер,  машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп сияқты өнімдерін ұсынған. Мұнда ауыл шаруашылық техникасының да сан түрін кезіктіруге болады.

 Әліби Сұлтан, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының ауыл шаруашылығы көліктерін жасауды дамыту жөніндегі директоры:
-Бұл зауыттардың барлығының қуаттылығы жылына шамамен 35 мың бірлік техниканы құрайды. Әзірге біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытта көршілес елдерге шығу жолдарын қарастырудамыз. Жалпы, бүгінгі күні өнеркәсіптің дамуы тұрғысынан айтатын болсақ, бізде өндірілген брендтер мен үлгілердің жеткілікті саны бар деп айта аламыз, атап айтқанда тракторлар, комбайндар. Сонымен қатар біз жабық тіркеме техникаларды әзірлеу үстіндеміз.

Көрмеден бөлек ЕАЭО елдерінің қатысушылары үшін шара өзара пікірталас құратын диалог алаңына айналды.  Панельдік форумды Қазақстан Үкіметінің басшысы ашты. Әлихан Смайылов ауқымды басқосу бірыңғай экономикалық кеңістіктегі елдер ынтымақтастығының жоғары деңгейін айғақтайтынын атап өтті. Мәселен, Қазақстан өткен жылдың қорытындысы бойынша бірлестікке қатысушылармен 30 миллиард долларға жуық сауда жасады. Өсім 10%-тен асып жығылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Бұл үрдіс биыл да жалғасын табатынына сенімдімін. Биылғы жылдың 6 айында тауар айналым 14 миллиард долларға жуықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев индустрияландыру экономиканы әртараптандырудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Қуатты өнеркәсіптік базаны құру және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету үшін өңдеуші секторды жеделдетуге басымдық беру керек. Қазақстан Үкіметі қосылған құны жоғары кластерлерді құруға бағытталған жобаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдауда.

Бүгінде Қазақстан одақтас мемлекеттермен өнеркәсіп саласында 38 бірлескен жобаны іске асырды. Тағы 80 ортақ бастама жүзеге асырылу барысында.