Астанада өңірлік экологиялық саммит басталды

Астанада өңірлік экологиялық саммит басталды

Қазақстан Орталық Азияның «жасыл» трансформациясының көшбасшысы. Елордада Өңірлік экологиялық саммиті басталды. Үш күнге созылатын жиынға Орталық Азия елдерінің басшылары мен қатар Грузия, Армения және Моңғолия Президенттері келді. Күн тәртібінде су ресурстары, энергетикалық көшу, мұздықтарды сақтау және «жасыл» қаржыландыру мен технологияларды дамыту секілді кең ауқымды мәселелер қамтылды.

Зұлқарнай Ермұратұлы, тілші:

- Әлемде экологиялық ахуал ушығып тұр. Күн райы құбылып, өзен-көлдер тартылып, қуаңшылық күшейіп барады. Табиғаттағы тепе-теңдік те тұралап тұр. Ал жаһандық жылыну бұл үрдісті одан әрі үдетіп отыр. Осы тұста экологиялық түйткілді талқылау үшін Орталық Азия елдері Астанада бас қосты. Айта кетейік, өңірлік экологиялық саммитті өткізу туралы ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 78-ші сессиясында көтерген болатын.

Табиғи тұрақсыздық терең талдауды талап етеді. Саммиттің мақсаты да осы. Шырмалған шынжырдың шетін іздеу. Әрі, жиынның айдың жиырма екісінде өтуі де тегін емес. Бұл күнді әлем елдері «Жер күні» деп біледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру – өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі.

Иә, экологиялық проблема тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Демек, түйткілді түйінді бірлесе тарқатқан дұрыс. Ол үшін БҰҰ-ның жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек,- деді Президент. Себебі, экологиялық саммитті ұйымдастыруға ұйытқы болған ұйымның рөлі бөлек. Сексен жылда әлеуеті әлденіп, ауқымы артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс. Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн.

Мемлекет басшысы «Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң. Орталық Азия елдері тұтас экожүйеде өмір сүреді» - деді. Яғни, олардың экологиялық проблемалары да бір деген сөз.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Президенті:

- Бүгінде экологиялық мәселелерді климаттың жаһандық өзгерістерінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Аймақта температураның көтерілу қарқыны екі есе жоғары. Өңірдегі мұздықтардың үштен біріне жуығы жойылған. Жауын-шашын режимі тұрақсызданып, су ресурстарының тапшылығы артып келеді. Қазіргі уақытта 80 миллион гектардан астам жер деградацияға ұшыраған. Біз тәуекелдерді жаңа даму мүмкіндіктеріне айналдыруымыз керек.

Осы ретте Қазақстан экологиялық жауапкершілікті жаңа Конституцияда шегелеп жазды. Қоршаған ортаны қорғау саясатын бір ізге түсіргелі қашан. Соны арқасында жойылу қаупі төнген ақбөкендер Тұранның төсінде қайта түледі. Елдегі қар барысының саны екі есе ұлғайды. Бұдан бөлек, сырттағы серіктестермен бірлесе сирек кездесетін жан-жануарлардың популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр. Сондықтан, Мемлекет басшысы көрші елдерді жоспардағы жұмыстарды бірге атқаруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды. Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық. Қазақстан барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады.

Қазақстан алдағы төрт жылда жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асыруды көздеп отыр. Сәйкесінше, энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды қалдықтар 35 пайызға дейін азаяды. Қазақстан әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтиды. Ал, бұл көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайынына дәлел.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Бізде көмір генерациясы дамығанан кейін әрине біз оны экологиялық тараптан да қарастыруымыз керек. Сондықтан да жаңа экологиялық кодекске сәйкес, екі бағыт бар. біріншісі: жаңадан салынып жатқан барлық жылу орталықтары сол экологиялық кодекске сай келу керек. Ол өте қатаң, жақсы талаптар.

Михаил Кавелашвили, Грузия Президенті:

- Экология бүгінде мемлекеттердің экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды факторға айналды. Климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы, қоршаған ортаның ластануы мен табиғи жүйелердің әлсіреуі — өзара тығыз байланысты күрделі мәселелер.

Экологиялық саммит аясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы жайлы айтпай кетуге болмайды. Себебі, биыл БҰҰ шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Ал, «Таза Қазақстан» қозғалысы елдегі еріктілердің басын біріктіретін бірден-бір алаңға айналып отыр. Қорыта айтқанда жер шарын қорғау – адамзатқа жүктелген ортақ міндет. Әрі, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.